2016–2017 жылдардың жылыту маусымы Павлодар, Екібастұз, Петропавлда штаттық режимде өтті, құрылғылардың жұмысында өрескел бұзылушылық байқалмады. Өңірлердегі жылу желілерінде жүргізіліп жатқан жаңарту жұмыстарының нәтижесінде қызмет көрсеткіштері біршама өскені байқалады.

Жылыту маусымында жылу энергиясын жіберу Павлодар бойынша 2 850,590 мың Гкал, Екібастұз бойынша — 1 362, 980 мың Гкал, Петропавл бойынша — 1 565,772 мың Гкал құрады. Былтырғы маусыммен салыстырғанда технологиялық бүлінулердің саны айтарлықтай қысқарды: Павлодарда — 31,1%-ға, Екібастұзда — 54,3%-ға, Петропавлда — 14%-ға. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың болмағанын атап айту керек.

Өндіріс көрсеткіштерінің оң динамикасы «ОАЭК» АҚ нысандарында желілерді жаңартуға бағытталған инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асуының нәтижесінде болып отыр. Республика бойынша жылумен қамту жүйелеріне желілердің жоғары пайызды тозуы белең алған. Петропавлда бұл көрсеткіш 1 қаңтар 2017 жыл бойынша 66,92%-ды құрады (магистралды желілерде — 75,41%, таратушы желілерде — 58,43%). Павлодардың жылу желілері бойынша тозу көрсеткіші осы мерзімде 75,45%-ды құрады (магистралды желілерде — 76%, таратушы желілерде — 75%), ал Екібастұз қаласында ол 80%-ға тең (магистралды желілерде — 78%, таратушы желілерде — 82%). Жабдықтардың тозуы жылу энергиясының шығынына әкеледі: 2016 жылы «Петропавл жылу желілері» ЖШС-да желіге жіберілген 1 890,3 мың Гкал жылу энергияның 31,16%-ын құрады, ал «Павлодар жылу желілері» ЖШС-да желіге жіберілген 4767 мың Гкал жылу энергияның 31,78%-ын құрады. Қалыптасқан жағдайға айрықша әсер ететін тағы бір фактор — қараусыз қалған желілер мен тұтынушылардың теңгеріміндегі жылу желілері. Мысалы, «Павлодар жылу желілері» ЖШС-ның есебі бойынша жеке меншік сектордағы желілерде жылу шығынының көлемі жылына 56 мың Гкал-ды құрайды. Мұндай нысандарда шығынның орнын ешкім толтырмайды.

Жылумен қамту жүйелерінің жұмысын жақсарту үшін және нормативтен жоғары шығынды жою үшін Павлодар, Екібастұз және Петропавлда инвестициялық бағдарламаның аясында ірі көлемді жұмыс жүргізіліп жатыр. Үш қаланың жылумен қамту жүйесін жаңартуға бағытталған инвестицияның жалпы сомасы 2016-2020 жылдар аралығында Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қарыз, мемлекеттік көмекқаржы мен «ОАЭК» АҚ-ның өз қаржысынан құралған 25,95 млрд теңгені құрайды. Былтыр жалпы есеппен 11,31 км жылу желісі қайта қалпына келтірілді. 2017 жылға 32,56 км қашықтық жылу құбыр желілерін алдын ала оқшауланған құбыр желілеріне айырбастау және қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған, оның ішінде Павлодарда — 3,4 км, Екібастұзда — 21,8 км, Петропавлда — 7,36 км, сонымен қатар 6,74 км қашықтық құбыр желілерінде оқшаулауды пенополируетан қаптама пайдалана отырып қайта қалпына келтіру.

Бұдан өзге, 2017 жылы «Павлодар жылу желілері» ЖШС-да жөндеу қорының аясында қосымша 575,3 млн теңгені 16,930 км құбыр желісін айырбастауға және 25,424 км жылуды оқшаулау жұмыстарына бөледі. Петропавлда жөндеу қоры қаражатының аясында 407,2 млн теңге бөлінеді: 12,6 км құбыр желісін және 4,1 км жылумен оқшаулауды жөндеу жоспарланған.

Тәжірибе көрсеткендей, жылу маусымының өтуіне тұтынушылардың тұрғын-үйінің төмен дайындығы теріс әсер етеді. Алдын алу шаралары ретінде өңірлердегі жылумен қамту қызметкерлері ПИК-пен тұрғын-үйлерді барлық техникалық талаптарды орындай отыра дайындау туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жақын арада «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС-да ПИК өкілдеріне тегін үйрету курстары өтетін болады. Онда оларды тұрғын-үйде жылуэнергетикалық шаруашылықты жүргізу, міндетті шаралар мен үй ішіндегі жылуэнергетикалық жабдықтардың техникалық ерекшеліктерімен таныстырады.

Осылайша, «ОАЭК» АҚ қызмет ететін өңірлерде жылумен қамту алдағы жылы сапалы өтуі үшін дайындық жұмыстары барлық бағытта жалғасады.