Бүгін «Жас Шаңырақ» жобасы бойынша меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес Павлодар қалалық әкімдігі «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ сынды аймақтың ірі кәсіпорындарымен әріптестік қызмет жасайды. Меморандумға қол қою «Қазақстандықтардың әл-ауқаты: өмір сапасын және табысты арттыру» президенттік жолдауына сәйкес және Жастар жылы аясында жүзеге асырылды.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ өз қызметкерлеріне арнап Усолка шағын ауданында тоғыз қабатты көппәтерлі тұрғын үй салуда. Құрылыс 2019 жылғы жазда аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Біз құрылысты өз қаражатымызбен салып жатырмыз. Онда 4 кіреберіс болмақ, жалпы аумағы – 9,5 мың шаршы метр, - деп атап өтті «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ Бас директоры Олег Перфилов. – Шамамен 60 пәтер 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға беріледі. Шаршы метрдің сметалық құны – 180 000 теңге. Алайда бізде әрекет ететін бағдарламаға сәйкес, маман пәтерді алғаннан кейін 10 жыл компанияда қызмет етсе, шаршы метр құны 20 пайызға төмен болып, 150 000 теңгені құрайды. Алдын-ала өтініштерді қабылдау жұмыстарын жүргіздік, қазірде 400-ге жуық өтініш келіп түсті. Біз өтініш иелерінің жұмыс өтілін, отбасылық жағдайын, балаларын, жұмысшының құндылығын, біліктілігін есепке алатын боламыз».