2019 жылғы 17 маусымда Ақмола облысында электр тарату желілерін пайдалану бойынша жедел жөндеу қызметкерлерінің арасында кәсіби шеберлік байқауы басталады. Ең үздік мамандар бригадасы атану үшін «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ-ның Нұр-Сұлтан, Петропавл және Павлодар қалаларындағы 6 электромонтерлер бригадасы сайысқа түседі.

Байқау қатысушылары көпшілікке өз қызметтерін атқарудағы заманауи тәсілдер мен әдістерді көрсетіп, электр тарату желілерінде жұмыс істеу бойынша өзара өндірістік қызмет саласындағы жетекші тәжірибелермен алмасады. Шараның басты мақсаты – электр тарату желілерінде сенімді әрі қауіпсіз жұмыс жүргізу және жарақаттану оқиғалары санын төмендету үшін қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру болып табылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Корпорация кәсіпорындарында қызмет ететін электромонтерлер осы тектес байқауларға тұрақты қатысатынымен, бұл – «ОАЭК» холдингінің компаниялары арасында корпоративтік деңгейде өткелі тұрған бірінші байқау. Қабанбай батыр ауылында орналасқан оқу-жаттығу полигонында өтетін сайысқа қатыспастан бұрын «Ақмола ЭҮК» АҚ, «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ және «Павлодар ЭТК» АҚ компанияларының бригадалары компанияішілік жарыстарда бақ сынап, қатаң іріктеуден өткен болатын. Нәтижесінде, шешуші байқауға әрбір электр желілерін тарату компаниясынан бірінші және екінші орын алған командалар жиналып отыр.

Полигонда әрбір бригада байқаудың бес кезеңінен өтуі тиіс. Тапсырмалар арасында электр құрылғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникалары ережелері бойынша білімін тексеру, электр тоғынан жарақат алушыны бағанадан ажыратып, «Илюша» тренажерінің манекенінде алғашқы көмек көрсету, өздігінен берілетін оқшаулаушы өткізгішті ауыстыру, жерлендіруші құрылғының жағдайын тексеру, сондай-ақ, есеп құралдарын монтаждау тапсырмалары бар.

18 маусым күні сағат 10.00-де басталатын шараның ашылу рәсіміне ҚР Энергетика министрлігінің және Қазақстан Электроэнергетикалық қауымдастығының өкілдері қатысады. Байқау 17-21 маусым аралығында Қабанбай батыр ауылы, Жамбыл шағын станциясы көшесі, 1А ғимараты мекен-жайында өтеді.