«ОАЭК» АҚ-та Жасанды интеллект жылына орайластырылған ерекше шабыттандыратын «Болашақ әлемі» байқауы өтті. Ертеңгі күнде өмір сүретін ұрпақтың болашақты қалай елестететінін білу үшін компания ең басты сарапшыларға – қызметкерлеріміздің балаларына жүгінуді жөн көрді. Байқауға 4 пен 13 жас аралығындағы балалар қатысып, әрқайсысы өз жұмысына жан жылуы мен шексіз қиялын қосты.
Бүлдіршіндер суреттер мен қолөнер бұйымдарын әкелсе, ересектеу балалар роботтар құрастырды, ал ең үлкен қатысушы веб-сайт әзірлеп, баршаны таңғалдырды.
Салтанатты рәсімде жас дарындарды «ОАЭК» АҚ Басқарма Төрағасы Бағдат Орал құттықтады. «Болашақты қалай көретіндеріңізді тамашалау біз үшін өте қызықты болды. Барлық жұмыстар мені жағымды жағынан таңғалдырды. Тіпті ересектерде де мұндай қиял жоқ деп айта аламын. Ата-ана ретінде біз үшін болашақ – ол сіздер, біздің балаларымыз», – деді ол.
Бірде-бір қатысушы назардан тыс қалмады: әр бала сыйлықтарға, тәтті тартуларға және, әрине, зор қошеметке бөленді.
Алайда тосынсыйлар мұнымен аяқталған жоқ! Компанияның жастар кеңесінің белсенділері қонақтарға жасанды интеллект көмегімен жасалған ерекше тарту – қызықты викторина мен «Энергия жолы» атты танымдық мультфильм дайындады. Онда сүйікті кейіпкерлер балаларға жылу мен жарықтың қайдан келетінін қарапайым әрі түсінікті тілмен әңгімелеп, нағыз ЖЭО-ға виртуалды саяхат жасатты.