Астанада «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ («ОАЭК» АҚ) компаниялар тобының Бірінші жастар сессиясы аяқталды. Кездесудің басты нәтижесі – корпорацияның жас энергетиктер қауымдастығының құрылуы және өндірісте еңбек ететін жас мамандар бастамаларының басшылыққа тікелей таныстырылуы болды.

Бүгінде жас мамандар «ОАЭК» АҚ жалпы ұжымының 25%-ын құрайды, бұл – 35 жасқа дейінгі 2 089 қызметкер. Сессия негізгі еншілес кәсіпорындар – ПАВЛОДАРЭНЕРГО, СЕВКАЗЭНЕРГО, Ақмола ЭҮК және ЦАТЭК Green Energy компанияларының жас инженерлерінің, электр монтерлерінің, слесарлары мен мамандарының басын қосты.

Өткен сессияның негізгі мәні – өзара әрекеттесудің стандартты нысандарынан бірінші басшылар мен жергілікті жердегі жас кадрлар арасындағы ашық әрі тікелей диалогқа өту болды. Кездесу аясында «ОАЭК» АҚ Басқарма Төрағасы Бағдат Орал саланы трансформациялаудағы жастардың басты рөлін ерекше атап өтті: «Жас кадрлар – бұл еліміздің энергетикасын дамытудың басты қозғаушы күші. Біздің мақсатымыз – тек тәжірибе бөлісіп қана қоймай, жас мамандардың бастамаларына қолдау білдіру, олардың кәсіби өсуі мен корпорацияның стратегиялық жобаларына белсенді қатысуы үшін барлық жағдайды жасау».

Жастардың бастамаларына Басқарма Төрағасының орынбасарлары Олег Перфилов пен Антон Бурдин де қолдау білдірді.

Сессияның практикалық бөлімін өткізуге жаңартылатын энергетика нысаны – «Астана EXPO-2017» жел электр станциясының таңдалуы айрықша символдық мәнге ие болды. Қатысушылар басшылыққа жастар қозғалысын, корпоративтік мәдениетті дамыту және өңірлер арасында тәжірибе алмасу жөніндегі өз пайымдарын ұсынды. Бұл жұмыстың практикалық нәтижесі – қатысушылардың негізгі ұсыныстарын холдингтің кадрлық даму стратегиясына енгізу болмақ.

«Шынымды айтсам, біз бәрі регламент бойынша қатаң бекітілген станциялар мен желілердегі күнделікті жұмысқа үйреніп қалғанбыз. Ал бұл жерде басқа өңірлердегі әріптестермен бетпе-бет тілдесіп, ең бастысы, өзімізді толғандырған мәселелерді басшылыққа тікелей айтудың сәті түсті. Сенің идеяларыңды тыңдап, қолдап жатқаны өте керемет», – деп «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қазандық жабдықтары бойынша аралаушы машинисі Виталий Сальников өз әсерімен бөлісті.

Сессия адам капиталына инвестиция салу және тиімді ішкі коммуникацияларды дамыту «ОАЭК» АҚ компаниялар тобы үшін басым бағыт болып табылатынын, сондай-ақ Қазақстан энергетикасының тұрақты дамуына берік іргетас қалайтынын айқын көрсетті.