6 және 7 тамыз күндері Астана қаласы «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ-ның (бұдан әрі – «ОАЭК» АҚ) жыл сайынғы дәстүрлі Спартакиадасын қабылдады. Бұл жолғы спорттық жарыс Корпорацияның 18 жылдығына орайластырылып, компания мен оның серіктестері жұмыс істейтін барлық өңірлерден жүздеген қатысушылар мен жанкүйерлердің басын қосты. Екі күн бойы спорт алаңдарында басты чемпиондық атақ үшін тартысты әрі тартымды бәсеке өтті.

Бағдарламаның барлық түрлері бойынша жалпыкомандалық есепте орындар төмендегідей бөлінді:

1-орын – ПАВЛОДАРЭНЕРГО;

2-орын – ОАЭК Green Energy құрамасы;

3-орын – СЕВКАЗЭНЕРГО және Ақмола ЭҮК.

Үздік атану үшін барлығы 9 команда бақ сынасты:

  • ОАЭК Green Energy құрамасы
  • «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ
  • «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ
  • «Ақмола ЭҮК» АҚ
  • «Екібастұз жылу желілері» ЖШС
  • «Каустик» АҚ
  • «ЕвразианТЕК» ЖШС
  • «KazakhTrans-Service» ЖШС
  • «Средазэнергомонтаж тресті» АҚ

«Спартакиада – бұл әртүрлі өңірдегі үлкен ұжымымызды біріктіретін маңызды дәстүр. Спорт алаңында әріптестеріміз күнделікті жұмыста көрсететін сапаларын: командалық рухты, жеңіске деген ерік-жігерді және өзара қолдауды толықтай таныта білді. Жеңімпаздарды құттықтаймын және әрбір қатысушыға жарқын эмоциялар мен адал бәсеке үшін алғыс айтамын!» – деп атап өтті «ОАЭК» АҚ Басқарма Төрағасы Бағдат Орал.

Жарыс алты спорт түрі бойынша өтті: шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, бильярд, чирлидинг және киберспорт.

Бағдарламаның басты жаңалығы – киберспорттың қосылуы болды. Бұл бастаманы компания жастары ерекше ықыласпен қарсы алды: CS2 турнирі көптеген қатысушылар мен көрермендер жинап, ойын динамикасы жағынан классикалық спорт түрлерінен еш кем түскен жоқ.

Сондай-ақ чирлидинг жарысы да көрермендердің айрықша қызығушылығын тудырды. Бұған дейін командалардың өнер көрсетуі тек футбол матчтарының сүйемелдеуі ретінде қабылданса, биыл ол толыққанды жарысқа айналды. Әрбір құрама мұқият ойластырылған сценарий, жарқын костюмдер және күрделі акробатикалық элементтер дайындап, бұл кезеңді Спартакиаданың ең әсерлі бөліктерінің біріне айналдырды.