Үш күн. Алты кезең. Алты команда. 23-25 маусым аралығында Ақмола облысындағы Целиноград электр желілері кәсіпорнының полигонында «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ (ОАЭК) электр монтёрлерінің жыл сайынғы ауқымды жарысы өтті.

Жарыс Қазақстанның үш өңірін: Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарын біріктірді. «ОАЭК» АҚ-ның әрбір еншілес компаниясынан екі командадан барлығы алты команда нақты электр тіректері, әуе желілері мен трансформаторлық қосалқы станциялар орналасқан полигонда өзара мықтыны анықтады.

«Біз жағдайды шынайы өмірге барынша жақындатып жасадық. Қатысушылар күнделікті жұмыстарындағыдай нақты тіректерде және нақты жабдықтармен жұмыс істеді. Біз үшін жай ғана жарыс өткізу емес, адамдарымыздың кез келген далалық жағдайға дайын екенін көру маңызды. Адам ресурстарына жасалған мұндай инвестиция бүкіл сала үшін және біздің өңірлердегі әрбір тұтынушы үшін оң нәтиже береді», – деп атап өтті «ОАЭК» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Олег Перфилов.

Үздік атағы үшін таласқан командалар:

- «Ақмола ЭҮК» АҚ: Жақсы аудандық электр желілері және Есіл аудандық электр желілерінің командалары;

- «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ: Шал ақын аудандық электр желілері және Қызылжар аудандық электр желілерінің командалары;

- «Павлодар ЭТК» АҚ: Ақсу аудандық электр желілері және Павлодар электр желілері кәсіпорнының командалары.

Жарыс жеңімпазы болып «Ақмола ЭҮК» АҚ Есіл аудандық электр желілерінің бригадасы танылды. Турнир қорытындысы бойынша команда Түркияда өтетін ТМД және түркітілдес мемлекеттердің электр желілері персоналының халықаралық кәсіби шеберлік жарысында Қазақстанның намысын қорғау құқығына ие болды.

Жекелей сында үздік шебер (мастер) ретінде Александр Качанов (жеңімпаз команда), ал үздік электр монтёрі атағын Ақсу аудандық электр желілері командасынан Яков Трибус иеленді.

Қазақстан энергетиктерінің шеберлік деңгейі бұрыннан-ақ халықаралық деңгейге көтерілді. Өткен жылы «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ командасы Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстан күміс жүлдемен оралған болатын.

Анықтама:

ОАЭК – Қазақстан Республикасындағы электр және жылу энергиясын өндіру бойынша ең ірі жеке энергетикалық компаниялардың бірі. Корпорация үш облыста – Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында электр энергиясын тасымалдау және бөлу қызметін жүзеге асырады.