Солтүстік Қазақстан облысының негізгі энергия көзі болып табылатын Петропавл 2-ЖЭО Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі энергетикалық тәуекелдердің «қызыл» аймағынан тұрақты «сары» аймағына ресми түрде ауыстырды. Бұл жүйелі жұмыстың, ауқымды инвестициялардың және персоналды басқару мен даярлауға заманауи тәсілдерді енгізудің арқасында мүмкін болды.

Станция көрсеткіштерінің оң динамикасы компания іске асырып жатқан кешенді стратегияның нәтижесі болып табылады. Технологиялық бұзылулар саны 55-тен 23-ке дейін қысқарды, бұл ҚР Энергетика министрлігіне бір ай бұрын жылу электр орталығының мәртебесін өзгертуге мүмкіндік берді.

«Қол жеткізілген нәтижелер — жүйелі тәсілдің тікелей салдары, бірақ тоқтауға болмайды. Міндеттердің көкжиегі мен көлемі толық түсінікті, станциядағы өзгерістер айқын, ал «сары» аймаққа ауысу таңдалған бағыттың дұрыстығын дәлелдейді», — деп атап өтті «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ  (ОАЭК) Басқарма Төрағасы Бағдат Орал станцияға жұмыс сапары барысында.

2026 жылы ОАЭК-тің еншілес ұйымы – «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Петропавл 2-ЖЭО жөндеуге және кешенді қайта құруға 20 миллиард теңгеден астам қаражат бағыттайды. Модернизациялау бюджет қаражатын тартпай, толықтай компанияның өз қаражаты есебінен қаржыландырылатынын атап өткен жөн.

 Ағымдағы маусымға арналған инвестициялық жоспар бірқатар негізгі өндірістік бағыттарды қамтиды: №2 қазандық агрегатын қайта құру жұмыстарын жалғастыру, негізгі жабдықтың тозуын азайту үшін бес қазандық агрегаты мен бір турбоагрегатты күрделі жөндеу, станция жабдықтарын ағымдағы жөндеу, жаңа газ өткізгіштер салу, станция кешенінің ғимараттары мен құрылыстарын жөндеу, сондай-ақ аяқталуы 2027 жылға жоспарланған №3 түтін мұржасын қайта құру.

Петропавл 2-ЖЭО-да жабдықтарды жаңартумен қатар, қызметкерлерді басқару мен оқыту тәсілдері түбегейлі өзгеруде. Станцияда Power Plant Simulator бағдарламалық өнімінің бірінші кезеңі – Петропавл 2-ЖЭО-ның толыққанды «цифрлық егізі» енгізілді. Виртуалды симулятор жабдықтың техникалық параметрлерін толық қайталайды және қызметкерлерге қауіпсіз ортада кез келген жұмыс режимін, соның ішінде күрделі апаттық жағдайларды нақты техника мен адамдардың ешқандай қауіп төндірмей пысықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2-ЖЭО-да қауіпсіздікті бақылаудың үш сатылы жүйесі жұмыс істейді. Еңбекті қорғау ережелерінің сақталуын желілік жетекшіден бастап станция директорына дейінгі әрбір басқару деңгейінде үздіксіз қадағалап отырады. Бұл тәсіл формалдылықтан арылып, ықтимал бұзушылықтарды олардың жағымсыз салдары туындағанға дейін анықтауға және жоюға мүмкіндік беретін алдын ала әрекет етудің нақты механизміне айналды.

Кадр мәселесінің шешілуі жылу электр орталығы жұмысын тұрақтандырудың маңызды факторы болды. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ басшылығы өткен жылдары байқалған білікті қызметкерлердің жаппай кетуін тоқтата алды. Мамандар тапшылығы мәселесі толық шешілмегеніне қарамастан, 2-ЖЭО үшін еңбек нарығындағы жағдай  түзетілді. Қазіргі уақытта кәсіпорын терең техникалық және кадрлық қайта құру кезеңіне өтуде, ал «сары»  аймаққа сәтті ауысу таңдалған даму стратегиясының сенімділігін дәлелдейді.

«ОАЭК» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Орал станция мен желілерді жөндеу жұмыстарын үйлестіру қажеттігін атап өтті: 2-ЖЭО жабдықтарын жаңғырту тұтынушыларға энергияны жеткізу инфрақұрылымын жаңартумен қатар жүруі тиіс.