Құрметті әріптестер,
Ұзаған 2013 жыл «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ үшін 2009 жылы басталған ауқымды инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы ең маңызды кезең болды. Біз үшін бұл жылдың артықшылықтары өте көп. «ОАЭК» АҚ кәсіпорындары өндірген электр энергиясының көлемі 2012 жылмен салыстырғанда, 10,1 %-ға көбейсе, электр энергиясының пайдалы босатылымы 12,3 %-ға артты. 6 137,4 млн. кВт/с электр энергиясы өндіріліп, босатылғаны 5 253,5 млн. кВт/с-ты құрады. Жылу энергиясының өндірісі 6 132 мың Гкал-ды құрап, тұтынушыларға 6 131,7 мың Гкал босатылды.
Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру өте жоғары қарқынмен жалғасып жатыр. Корпорация өз кәсіпорындарындағы негізгі құрылғыларды жаңғырту бойынша 2013 жылға жоспарланған барлық іс-шараларды атқарды.
2013 жылдың желтоқсанында «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Петропавл 2-ЖЭО-нда қуаттылығы 63 МВт №4 станциялық жаңа турбоагрегатты пайдалануға берді. Нәтижесінде электр энергиясының жыл ішіндегі қосымша өндірісі 388,8 млн. кВт/с-ты құрады. Сондай-ақ Петропавл 2-ЖЭО-нда алдағы 20 жыл бойына күл, шлак қалдықтарын қоршаған ортаға зиянын тигізбестен үздіксіз өткізіп, қоймалауды қамтамасыз ететін №2 күл аулағыштың құрылысы бойынша жоба аяқталды.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ 2013 жылы Павлодар 2-ЖЭО, 3-ЖЭО және Екібастұз ЖЭО-ндағы барлық қазандық агрегаттарда күл аулағыштарды қайта құру жобаларын толықтай аяқтады. Осының арқасында түтін газдарын күлден тазарту деңгейі 97 %-дан 99,5 %-ға артып, күлдің жылдық шығарылымы 2008 жылмен (қайта құру жұмыстары басталған жыл) салыстырғанда 5 есе қысқарды. Павлодар 3-ЖЭО №2 станциясында қуаттылығы 75 МВт турбоагрегатты монтаждау жұмыстары басталды.
Жалпы алғанда, Корпорация кәсіпорындары өндірістік көрсеткіштердің сенімді өсіміне қол жеткізіп отыр. Бұл – «ОАЭК» АҚ үлкен ұжымының дұрыс жолға қойылған жұмысының заңды нәтижесі. Компания қызметкерлеріне шексіз ризашылық білдіре отырып, 2013 жыл қорытындысы бойынша өндірістік көрсеткіштердің орындалуы холдинг басшылығы тарапынан материалдық сыйақымен бағаланғанын хабарлағым келеді. Осылайша, Павлодар 3-ЖЭО, Екібастұз ЖЭО, Петропавл 2-ЖЭО-ның 1,5 мыңнан астам қызметкері сыйақы төлемдерімен көтермеленді. Сондай-ақ, «ОАЭК» АҚ Директорлар Кеңесі үстіміздегі жыл басынан бастап, Корпорацияның өндірістік қызметкерлерінің айлық жалақысын орта есеппен 7,5 %-ке көтеруге шешім қабылдады.
Мемлекет Басшысының жыл сайынғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев еліміз энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытатынын мәлімдеді. Президент ЖЭС қалдықтарын тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Бұл міндеттер «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ жұмысының басым бағыттары болып табылады. Компания кәсіпорындарында бүгіннің өзінде шығарылатын өнім бірлігіне жұмсалатын отынның бөлшек шығынын айтарлықтай төмендетіп, қоршаған ортаға бөлінетін зиянды шығарылымдар көлемін қысқартуға мүмкіндік берген жаңа құрылғылар қолданысқа енгізілуде. Бұдан бөлек, Корпорация өндіріс көлемін алдағы уақытта да арттыруға күш салуды жоспарлап отыр. 2014 жылға арналған жоспарда электр энергиясы өндірісін 4,3 %-ға, жылу энергиясын 11,2 %-ға арттыру шаралары бар.
Компания 2014 жылға алдағы дамуға қажетті қуатты қор қалыптастырып, қадам басты: кәсіпорындардың өндірістік активтері айтарлықтай жаңаланды, негізгі құрылғыларды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, энергия үнемдеуші технологиялар енгізілуде, Компания алдында тұрған алдағы стратегиялық міндеттерді атқаруға дайын кадр құрамы қалыптасты.
«ОАЭК» АҚ-ның барлық қызметкерлері өз кәсібінің жоғары әлеуметтік маңызын сезіне отырып, ортақ мақсат – бүгінгі таңда саны 2 млн. адамнан асқан тұтынушыларын сенімді әрі үздіксіз түрде жарық пен жылумен қамтамасыз ету ісіне жұмылған.
Бізде бұған барлық жағдай жасалған және Компания басшысы ретінде мен «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ-ның алдағы үдемелі дамуына нық сенім білдіремін!
Құрметпен,
Еркін Әмірханов