VIII жыл сайынғы байқаудың нәтижесінде «ОАЭК» АҚ жылдық есебі «Тұрақты даму туралы ақпаратты жақсы ашып көрсету» санатында номинант (үшінші орын) атанды. Сондай-ақ, компанияның жылдық есебі қатарынан үшінші жыл бойы қаржылық емес сектордағы ең үздік 5 есеп қатарына енді.
Байқауды «Қазақстан қор биржасы» АҚ-ның қолдауымен «Эксперт Ра Қазақстан» өткізеді. 2018 жылы байқау аясында қазақстандық компаниялардың 107 есебі бағаланса, оның ішінде қаржылық ұйымдар – 43, ал қаржылық емес ұйымдар саны – 64 болды.
«Бизнестің жариялылығы мүдделі тараптарға олардың тиянақты шешім қабылдауына мүмкіндік беретін ақпарат беруімен сипатталады. Алайда ашықтық тек ұсынылатын ақпараттың көлемімен ғана өлшенбейді, сонымен бірге оның түсініктілік, шынайылық, маңыздылық сынды сапалық сипаттамалары да назарға алынады. Бұдан бөлек, мәліметтерді сапалы түрде ұсына білу, яғни коммуникация құрудың да маңызы ерекше, - деді жобаның ғылыми жетекшісі Василий Калабин. – Байқау жеңімпаздары өз мүдделі тараптарымен жылдық есептері арқылы тиімді коммуникация құра білетіндерін танытты».
«Эксперт РА Қазақстан» әзірлеген «Жылдық есеп-2018: коммуникацияның жаңа бағдарлары» зерттеуінде ОАЭК-ның бірнеше жыл бойы тұрақты даму туралы ақпаратты халықаралық стандарттарға сай ашып ұсынудың жақсы үлгісін көрсетіп жүргені аталады. Сарапшылар, сондай-ақ, компанияның жылдық есебінде тәуекел-менеджмент бойынша ақпаратты ашып көрсету сапасына жоғары баға берген.