Қазақстандағы ең ірі жеке энергетикалық холдинг – «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ (ОАЭК) 2025 жылғы өндірістік қызметінің қорытындысын шығарды. Компания екі миллионнан астам тұтынушыны энергия ресурстарымен қамтамасыз етіп, сенімді жеткізуші ретіндегі мәртебесін растады әрі өндірістік қауіпсіздік бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

Операциялық көрсеткіштер

2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша топ кәсіпорындары өндірген электр энергиясының жиынтық көлемі 6,1 млрд кВтсағ, ал босатылған жылу энергиясының көлемі 4,8 млн Гкал болды. Жыл соңында Корпорацияның белгіленген электр қуаты 1 306 МВт, жылу қуаты 2 199 Гкал/сағ деңгейінде тіркелді. Холдинг ауқымды желілік инфрақұрылымды пайдалануды жалғастыруда, оның жалпы ұзындығы келесі көрсеткіштерге жетті:

  • 48,4 мың км – электр беру желілері;
  • 636,9 км – жылу желілері.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО», «СЕВКАЗЭНЕРГО» және «АЭҮК» кәсіпорындарының тұрақты жұмысы өңірлердегі өндірістік және әлеуметтік нысандарды үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Өндірістік қауіпсіздік

2025 жылдың басты жетістігі ретінде Корпорация басшылығы қауіпсіздік бақылауын сапалы түрде күшейтуді атап өтті. ОАЭК тарихында алғаш рет өндірістік жарақаттану деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 33,3%-ға төмендеді.

«Бұл пайыздардың артында қызметкерлеріміздің өмірі мен денсаулығы тұр. 2025 жылы біз тарихи минимумға қол жеткіздік – небәрі 2 жарақаттану жағдайы тіркелді, сонымен қатар өліммен аяқталған оқиғалар толығымен болған жоқ. 9 мыңнан астам адам еңбек ететін холдингтің көпмыңдық ұжымы үшін бұл біздің «жарақаттанусыз жұмыс» (нулевой травматизм) стратегиямыздың тиімділігінің маңызды көрсеткіші», – деп атап өтті «ОАЭК» АҚ Басқарма Төрағасы Бағдат Орал.

Тұрақты даму және экологиялық күн тәртібі

ОАЭК тұрақты даму стратегиясын іске асыруды жалғастыруда. Корпорация станцияларында күл шығарындыларының концентрациясын 70%-ға азайтуға қол жеткізілді. Сондай-ақ станцияларда Автоматтандырылған мониторинг жүйелері (АМЖ) жұмыс істеп тұр. Бұл жүйелер атмосфераға жіберілетін шығарындылардың көлемін, сапасы мен құрамын тәулік бойы қадағалап, холдингтің өндірістік кәсіпорындарының экологиялық параметрлерін ашық әрі жедел басқаруға кепілдік береді.

Өндірістік процестерге ESG принциптерін (экология (E), әлеуметтік жауапкершілік (S), басқару (G)) интеграциялау – өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған компанияның ұзақ мерзімді басымдығы болып қала береді.

Корпорация туралы: «ОАЭК» АҚ – электр және жылу энергиясын өндіру, беру және өткізудің толық циклін жүзеге асыратын тігінен интеграцияланған энергетикалық холдинг. Топтың құрамына Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындар, сондай-ақ жаңартылатын энергетика саласындағы жобалар кіреді.