QazaqGreenFest халықаралық фестивалі төртінші рет өткізіліп отыр және биылғы жылы энергетикалық өтпелі кезеңге арналды. Іс-шара бірінші рет Маңғыстау облысында ұйымдастырылып, оған мемлекеттік органдардың, халықаралық компаниялардың, қаржы институттары мен академиялық қауымдастықтың жүздеген өкілдері қатысты.
«Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ Басқармасының төрағасы Бағдат Орал ұзақ мерзімді корпоративтік келісімшарттарға (PPA) арналған сессияға қатысып, мұндай жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктерін егжей-тегжейлі айтып берді. Ол PPA-ның айтарлықтай артықшылықтары қатарына көмірсіздендіруді, бағаны бекітуді және энергия ауысуына тікелей үлес қосуды атап өтті.
Фестиваль қатысушыларының ерекше қызығушылығын қорытынды сұрақ-жауап сессиясы тудырды. Онда спикерлер алдын ала жоспарланған күн тәртібінен ауытқып, көкейдегі өзекті мәселелерді қозғады.
Тарифтерді болжау туралы сұраққа жауап бере отырып, Бағдат Орал былай деді:
«Алдағы 10 жылда жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) тағы 8 гигаваттқа жуық нысандары іске қосылады. Тұтынушылар үшін «жасыл энергия» бағасы өсетініне сенімдіміз. Енді оның қаншалықты қарқынмен өсетіні басқа мәселе. Бұл бірқатар факторларға, ал олардың ішіндегі негізгілерінің бірі – валюта бағамының өзгеруіне ықтимал индекстеуге байланысты. Екіншісі – алдағы жылдардағы тарифтерді есептеуге әсер ететін инфляциялық күтулер»,- деп атап өтті топ-менеджер.
Қалыптасқан дәстүр бойынша QazaqGreenFest фестивалінің қорытынды құжаты ЖЭК бизнес-қауымдастығының ҚР Үкіметіне арналған Хартиясы – үндеуі болды. Онда саланың жақын болашақтағы даму векторы айқындалды. Құжатта заңнаманы жетілдіру, жаңа технологияларды дамыту және жаңартылатын энергетика саласындағы Қазақстанның позициясын нығайту жөнінде нақты ұсыныстар тіркелген.
Фестиваль Қазақстанның технологиялық прогресс, экономикалық даму және экологиялық жауапкершілік арасындағы теңгерімге негізделген энергетикалық трансформацияның келесі кезеңіне дайын екенін көрсетті. Келесі V халықаралық QazaqGreenFest фестивалін 2026 жылы өткізу жоспарлануда.