«Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясының» құрамына кіретін «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобы Қазақстанның энергетика саласында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Республикамызда алғаш рет компания энергетиктері 10 кВ кернеулі электр желілерінде тұтынушыларды электр қуатынан ажыратпай жұмыстар жүргізуде.

Жұмыстарды «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясының» мамандары жүргізеді. Мұндай жұмыс түрлерін орындау үшін электромонтерлер Казань қаласында  арнайы оқытудан өтті. Олар үшін арнайы қорғану құралдары, оқшаулағыш буындары бар Altec автогидрокөтергіші сатып алынды. 

 

Павлодар облысының Кенжекөл ауылында «ПЭТК» АҚ қызметкерлері кернеуі 10 кВ әуе желісі тірегінде оқшаулағыш пен траверсаны ауыстыруды сәтті орындады. Бұл желі 950 жеке тұлғаны, 35 заңды тұлғаны және 19 жинақтық трансформаторлық қосалқы станцияны электр қуатымен қамтамасыз етеді. Электромонтерлер сымды уақытша оқшаулағыш траверсіне ауыстыра отырып, жұмыстарды іске асырды.

2024 жылға дейін жоғары вольтты желілердегі кез келген жұмыстар электр қуатын толығымен ажыратуды қажет ететін, бұл өз кезегінде тұрғындар мен кәсіпорындар үшін уақытша қолайсыздықтарға әкелетін. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап «ПЭТК» АҚ мамандары тоқтан ажыратпай 0,4 кВ кернеулі жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді, ал бүгінде 10 кВ кернеулі желілерде де жұмыстарды орындауда. Энергетиктердің бұл тәсілі тұтынушылар үшін қолайсыздықтарды барынша азайтып, электрмен тұрақты  жабдықтауды қамтамасыз етеді.