Солтүстік Қазақстанды тіршілікке қажетті энергиямен қамтамасыз етіп отырған өңірдегі ең ірі өндірістік кәсіпорын – Петропавл 2-ЖЭО қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту бағытында айтарлықтай ілгерілеушілік көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша станция ластаушы заттардың нақты шығарындыларын 28 мың тоннаға дейін азайтты. Бұл кәсіпорын үшін белгіленген 38,3 мың тонналық жылдық рұқсат етілген шектен 26,7%-ға төмен.

 

Мұндай нәтиже кездейсоқтық емес, заманауи технологияларды енгізу мен жүйелі жұмыстың жемісі.

 

«Шығарындылардың осыншалықты азаюына 2025 жылға жоспарланған, негізгі жабдықтардың тиімділігін арттыруға бағытталған техникалық іс-шаралар тікелей себеп болды, - деп атап өтті «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Николай Максимов. – Атап айтқанда, қазандық агрегаттарының қыздыру беттерін қалпына келтіру, күл ұстау жүйелері мен газ жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар шығарындыларды азайтуға тікелей әсер етеді».

 

Бұл үдерісте негізгі шығарынды көздеріне орнатылған автоматтандырылған мониторинг жүйесі (АМЖ) маңызды рөл атқарады. Арнайы датчиктер нақты уақыт режимінде түтін мұржаларынан шығатын қалдықтардың көлемі мен құрамын тіркеп отырады, ал мәліметтер автоматты түрде Қоршаған ортаны қорғаудың ұлттық мәліметтер банкіне жолданады. Бұл жүйе субъективті қателіктерді болдырмай, толық ашықтықты қамтамасыз етеді, осылайша бақылаушы органдар мен жұртшылық нысанның шынайы жағдайын көре алады.

 

І санаттағы нысан болғандықтан, кәсіпорын ерекше экологиялық қадағалауда. Жыл басынан бері станция мамандары, өңірлік Экология департаменті және тәуелсіз аккредиттелген зертханалар өндірістік алаңда ауа, су және топырақ сынамаларына 4 000-нан астам зерттеу жүргізді. Барлық тексеру нәтижелері бекітілген нормативтерге сәйкестігін растады.

 

Дегенмен, жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Бекітілген экологиялық жаңғыртудың «жол картасы» аясында 2026 жылға мынадай ауқымды жобаларды бастау жоспарланған:

 

- Шығатын газдарды тазарту қондырғыларын ауыстыру, бұл зиянды заттардың концентрациясын қосымша азайтуға мүмкіндік береді.

 

- Қазандық агрегаттарын қайта жаңарту және сумен жабдықтау жүйелерін модернизациялау, соның ішінде табиғи ресурстарға түсетін салмақты азайту үшін техникалық суды қайталама пайдалануды кеңейту.

 

Бұл шаралар толық іске асырылған жағдайда, болашақта жылдық шығарындылар тағы 4,5–4,7 мың тоннаға азаяды деп күтілуде.

 

2-ЖЭО қызметкерлерінің экологиялық жауапкершілігі өндірістік процестермен ғана шектелмейді. Техникалық су айдыны — Ақкөл (Белое) көлінің экожүйесін сақтау үшін энергетиктер оны биологиялық оңалту бағдарламасын бастайды. 2026 жылдың өзінде көлге балықтың құнды тұқымдарының 20 мың шабағын жіберу жоспарлануда, ал жалпы бағдарлама аясында 100 мың шабақ жіберіледі.

 

Станция қызметкерлері қоғамдық экологиялық бастамаларға да белсене қатысады. Энергетиктер «Таза Қазақстан», «Жер сағаты» және «Дүниежүзілік тазалық күні» сияқты республикалық акцияларды қолдаумен қатар, өңірді көгалдандыруға да өз үлестерін қосуда. 2025 жылы олар Петропавлдың санитарлық-қорғау аймағында 68 ағаш отырғызды. Кәсіпорынның 2038 жылға дейінгі жоспарында өз аумағы мен Петропавл қаласында барлығы 4 250 ағаш егу көзделген, оның 150-і келесі жылы отырғызылады.

 

Петропавл 2-ЖЭО-ның тәжірибесі заманауи жылу энергетикасының өңір экономикасына қажетті тиімді өндіріс пен қоршаған ортаға және адам денсаулығына деген ұқыпты көзқарасты үйлесімді ұштастыра алатынын айқын дәлелдейді.