Қазақстанның солтүстік аймақтарында жылыту маусымы аяқталды. Павлодар, Екібастұз, Петропавл қалаларын жылумен қамту бекітілген температуралық график бойынша, кемшіліксіз жүргізілді.
Павлодар мен Екібастұзда қысқы жылыту маусымы 2016 жылдың 1 қазанында басталып, 2017 жылдың 22 сәуірінде аяқталды. Жылу маусымы штаттық режимде, құрылғы жұмыстарының өрескел бұзылуынсыз өтті. Жылыту маусымы бастала салысымен сыртқы ауа температурасы күрт төмендеген кезеңдерде жедел қызмет көрсету үшін және бүлінген жылу желілерін тез арада қалпына келтіру үшін диспетчерлік қызмет пен төтенше-қалыпқа келтіру бригада қызметкерлерінің тәулік бойы жұмыс істеуі қолға алынды. Павлодар бойынша жылу желілеріндегі бүлінулер саны — 64, Екібастұз бойынша — 171.
Қазіргі таңда жылу желілерін гидравликалық тексерістен өткізу жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде жүйені келесі жылыту маусымына дайындау үшін жөндеу жұмыстарының графигі құралады.
Петропавлда «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС 2016-2017 жылдардың жылыту маусымын қорытындылады. Облыс орталығы әкімшілігінің бекітуі бойынша жылыту маусымының ресми аяқталу 28 сәуірге белгіленді. Тұтынушыларға жылу беруді біртіндеп тоқтату жүзеге асады, жалпы жылу өшіру бағдарламасы 15 күнге созылады.
Энергетиктердің пайымдауынша, «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС мен жылу энергиясын тұтынушылар үшін 2016-2017 жылдар аман-есен өтті. Бұған магистралді желілерде технологиялық бұзылыстардың азаюы дәлел бола алады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бүліну көрсеткіші 16%-ға азайып, 74 жағдайды құрады.