Биыл «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ Павлодар 2-ЖЭО және 3-ЖЭО  негізгі және қосалқы жабдықтарын жөндеу және жаңғыртуға 32,2 млрд.теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарланған. Оның ішінде инвестициялық жобаларға шамамен 22,2 млрд. теңге бөлінеді және тағы 10 млрд. теңге жөндеу бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын болады.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ Павлодар 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-да 2025-2026 жылдар жылыту маусымы тұрақты жұмыс режимінде өтті. Наурыз айынан бастап станцияларда алдағы жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындыққа бағытталған жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Павлодар 3-ЖЭО жөндеу кампаниясы шеңберінде 2026 жылы №1, №3, №5 қазандық агрегаты мен №3 және №5 турбоагрегатты күрделі жөндеу жоспарланған.  №1 түтін мұржасын кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Павлодар 2-ЖЭО-да №2 турбоагрегатқа, №4 және №5 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. 

«Бүгінде Павлодар 2-ЖЭО терең қайта құрылымдау сатысында. 2026 жыл  - № 1 турбоагрегатты қайта құрылымдау жұмыстарының бастапқы кезеңі. Биыл турбинаны ауыстыру жобасын әзірлеу және бөлшектеуден бастап іске қосуға дейінгі жұмыстардың толық циклін орындау үшін мердігерді анықтау жоспарлануда», - деп баяндады  «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Щемель.

​Жақын арада Павлодар 2-ЖЭО-да қазандық агрегаттарын автоматтандыруды бастау жоспарланған. Автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу адам факторының әсерін азайтып, бастапқы кезеңнен-ақ технологиялық ақаулардың  алдын алу мүмкіндігін береді.

Жөндеу науқанын сәтті өткізуде персоналдың біліктілігі маңызды рөл атқарады. «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қызметкерлері үшін кәсіби даму жүйесі құрылған: жыл сайын «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобының 3 мыңнан астам қызметкері өздерінің оқу орталығы базасында білім алады, кәсіби шеберлік байқаулары өткізіледі, сондай-ақ қызметкерлердің жоғары оқу орындарында сырттай білім алуына қолдау көрсетіледі. Қазірдің өзінде көптеген қызметкерлер оқытудан өтті, бұл күрделі технологиялық операцияларды мүмкіндігінше сапалы орындауға мүмкіндік береді.

Техникалық қайта жарақтандырумен қатар, 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-да тұрмыстық жағдайларды ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде: станциялардың әкімшілік корпустарының қасбеттері жөнделді, 2-ЖЭО турбина  цехының терезелері ауыстырылды, кабинеттер, санитарлық тораптар мен душ бөлмелері жаңартылуда.

​Жаңғырту, сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу және қызметкерлердің біліктілігін арттыру жоспары – станциялардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысына салынған инвестиция. Ал қала үшін бұл – сенімді және үздіксіз энергиямен жабдықтаудың кепілі.