2016 жылғы 26 мамырда «ОАЭК» АҚ және Еуропа қайта құру және даму банкі арасында Павлодар, Петропавл, Екібастұз қалаларында жылу желілерін жаңғырту бойынша жобаларды жүзеге асыруға берілетін несие көлемін ұлғайту туралы келісімшарттарға қол қойылды.
Жаңғырту жобалары «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан да қолдауға ие болды. ЕҚДБ несиесі, мемлекет қаржысы және «ОАЭК» АҚ өз қаражаты орталықтандырылған жылумен қамтудың тиімділігін арттырады.
ЕҚДБ және Қазақстан Республикасы үкіметі ірі жеке энергетикалық корпорация – «ОАЭК» АҚ-ның Петропавл, Павлодар, Екібастұз қалаларындағы орталықтандырылған жылумен қамту жүйесін жаңғырту бойынша қолданыстағы жобаларына қолдау көрсетуді жалғастырады. Жоба елдің солтүстік-шығыс бөлігінде 500 мыңдай адамды қамтиды.
ЕҚДБ «ОАЭК» АҚ еншілес компанияларына («Павлодар жылу желілері» және «Петропавл жылу желілері» ЖШС) әрқайсысы 4,65 млрд теңге несие бөледі. Бұл компаниялар Павлодар және Петропавл қалаларының орталықтандырылған жылумен қамту жүйесіне қызмет етеді. Банк бұл кәсіпорындармен орталықтандырылған жылумен қамту жүйесін жаңғырту бағдарламасының бірінші сатысы аясында әріптестік жүргізеді.