"ОАЭК" АҚ компанияларының қызметкерлері тәулік бойы су тасқыны салдарын жоюға үлесін қосуда.

2024 жылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша:

Солтүстік Қазақстан облысында  электр беру желілерінің 729 тірегі мен екі қосалқы станцияның зақымдануы анықталды. "Севказэнерго" АҚ қызметкерлерінің күшімен және "Павлодарэнерго"АҚ бригадаларымен электр беру желілерінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

СҚО Қызылжар ауданында Вознесенка, Надежка және Боголюбово елді мекендерінің тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін темірбетон тіректерін орнату аяқталуда. Ұзындығы 15,6 шақырым болатын 10кВ «Леденово-Боголюбово» жоғары вольтты желісі 50 пайызға дайын.

18 сәуір күні кешке Шал ақын ауданында 10кВ желісінің құрылысы мен қосылуы аяқталды. Кеңес, Жаңаталап және Жаңажол ауылдарының 200-ден астам тұрғыны тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Желінің құрылысы кезінде электр қуаты дизельді генераторлардан берілді. 

14 сәуірде «Қызылжар Су»  ЖШС уақытша сорғы станциясы үшін электрмен жабдықтау қамтамасыз етілді (60 қызметкер, 13 арнайы техника жұмылдырылды).

 «Севказэнерго» АҚ су басқан аудандарында энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін қосымша 5 дизельді-генераторлық қондырғы сатып алынды. Олар Новокаменка және Архангелка ауылдарында орнатылды. 

Ақмола облысында электр беру желілерінің 212 тірегі мен бір қосалқы станцияның зақымдануы анықталды.

«АЭҮК» АҚ мамандары Ақмола облысының Астрахан ауданында 35/10 «Береговая» қосалқы станциясынан 10 кВ желісі бойынша авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. 154 абонентті энергиямен жабдықтау қалпына келтірілді.

 

"АЭҮК" АҚ-да 11 дизельді генераторды сатып алу және орнату жүргізілді.

"ОАЭК" кәсіпорындар тобы қалпына келтіру жұмыстарына қажетті барлық заттармен қамтамасыз етілген. Қажетті жабдықтар мен материалдарды сатып алу жедел жүргізілуде.