Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына батыл қадам басты.
Жаңа құрамдағы Парламент пен жаңарған Үкімет өз жұмысына кірісті.
Өткен 2011 жылы ел экономикасы 7,5 процентке өсті.
Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты.
Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRС, «Қазақмыс» компаниялары басым активтері мемлекет иелігінде болады.
Кезінде мен «мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазір жекешелендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз» деп айтып едім.
Міне, енді бәрі қайтарылуда. Барлық акциялардың пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз.
Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды.
Дегенмен, біз күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда өмір сүрудеміз.
Болжанған жаһандық дағдарыс қаупі шындыққа айналып келе жатқанын көріп отырсыздар.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа әлемдік дағдарыс бес-алты жылға созылуы мүмкін.
Біздің міндетіміз – экономиканы осы сынаққа дайындау, оны әртараптандыруды жалғастыру болып табылады.
Біз 2015 жылға қарай табысы жоғары елдердің қатарына қосылуды көздеп отырған елміз.
Бірлігімізді сақтап, осылай еңбек ететін болсақ, ол мақсатқа да жететін боламыз.
Екінші. Қолжетімді баспана.
Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік.
Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде.
Алайда біз жарты миллионнан астам жас отбасыны жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз.
Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу қажет.
Оның ішінде, ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолын қарастыру керек.
Қаражаты мен мүмкіншілігі барлар жалдау ақысын төлеп, кейіннен үйді өздеріне сатып алатын болады.
Ал мүмкіндігі жоқтар жағдайы келгенше ұзақ мерзімді жалға ұстай беретін болады. Осы екі түрлі жолды қарастыруымыз қажет.
Оған қоса жалға алғаны үшін жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болуы тиіс.
Мұнымен бірге отандық құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер туады.
Естеріңізде болса, өткен дағдарыс жылдарында біз бүкіл Қазақстанда тұрғын үй салуды көбейтіп, қаншама жұмыс орнын ашып, бизнеске қаншама мүмкіншілік бердік.
Сол кездегі сияқты облыстарға тиісті қаражат бөлінеді.
Тұрғын үйлер салынып, жалға берілетін болады.
Соның бәрін жаңа «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында анық көрсету қажет. Осыған біз кірісуіміз керек.
Мемлекет бұл бағдарламаны тиісті қаражатпен қамтамасыз етеді.
Аталған құжатты Үкіметке осы жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей жасап, қабылдауды тапсырамын.
Үшінші. Өңірлерді дамыту мәселесі.
Қуатты Қазақстан дегеніміз – бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып саналады.
Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты.
Бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет.
Бүгінде әлемнің көп елдерінде осылай жасалуда.
Мемлекет өз азаматтарының сондай қуатты өңірлерге қоныс аударуына көмек қолын созуы тиіс.
Қазақстанда келешегі зор қалалар шоғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады.
Үкімет елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауы тиіс.
Ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамуы – өз алдына бөлек мәселе.
Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін көрсетті.
Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуалды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болды.
Қазіргі уақытта ондағы ахуал қалыпты арнасына түсті.
Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына дауыс берді.
Бұл олардың мемлекет саясатын толық қолдайтынын көрсетеді.
Сондықтан мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай режімін бұдан әрі созбау жөнінде шешім қабылдадым.
Алайда, бұл оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан сабақ алып, ұдайы ескерілуі керек.
Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауды тапсырамын.
Онда қаланың экономикасындағы әрбір нақты бағытты әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту ескерілуі қажет.
Сонымен қатар, жергілікті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шараларын қаперде ұстаған жөн.
Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіріп, барша жергілікті даму мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту аса маңызды.
Биылғы 1 шілдеге дейін Үкімет Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасын жасап бітіруі тиіс.
Қадірлі отандастар!
Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Біз бүгінде бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор, экономикасы қуатты ел құрудамыз.
Біз бұдан бұрын да биік белестерді бағындырдық. Оны біз 20 жылдықта айттық.
Сондықтан, мақсатқа жету біздің қолымыздан келеді.
Біз оған жетудің жолдарын жақсы білеміз.
Ол үшін қажетті ресурстар бүгін мемлекетте жеткілікті.
Біздің міндетіміз – айқын, алған бағытымыз дұрыс деп санаймын.
Бұл жолда біз үшін ең бастысы – тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы.
Дана халқымызда «Игілік басы – ынтымақ» деген қанатты сөз бар.
Ендеше, тәуелсіздігіміз баянды, тұтастығымыз берік, елдігіміз мәңгі болсын, ағайын!
Осы мерейлі белесте баршаңызға мол табыстар тілеймін!
Назарларыңызға рахмет!
Источник: Akorda.kz (27.01.2012)