Астанада «Парыз 2018» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша байқауы қорытындыланды. «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ лауреат атанды. Марапаттау рәсіміне «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы Дүйсенбай Нұрбайұлы Тұрғанов қатысты.
«Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша байқауды 2008 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тағайындап, содан бері байқау жыл құрғатпай өткізіліп келеді. Айта кету керек, 2013 жылы «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ республикалық байқауда «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында лауреат атанған болатын.
Енді, міне, араға бес жыл салып, «Парыз» энергетиктерге тағы оралды.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ даму стратегиясы тек қана өндірістік емес, экологиялық көрсеткіштерді де жақсартуға бағытталған. Компанияның қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы саясаты қоршаған ортаға ықпал етуді төмендету және өндіріс шарттарын жақсартуды көздейді. 2007 жылы «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Қазақстанда алғашқылардың бірі болып СТ ҚР 14000 сериялы қазақстандық стандарт талаптарына сәйкестік сертификатын алса, 2017 жылы Компания «ISO 9001:2015 сапа менеджменті жүйесі», «ISO 14001:2015 экологиялық менеджмент жүйесі», «OHSAS 18001:2007 еңбекті қорғауды басқару жүйесі» халықаралық стандарттар талаптарына сәйкесттікке екінші қайта сертификаттаудан сәтті өтті.
Нақты мақсаттары мен міндеттерін айқындаудың арқасында «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-нда ескі жабдықтарды пайдалы әсер коэффициенті жоғары, отын бөлшек шығындары төмен және қоршаған ортаға ықпалы аз жаңа, заманауи жабдықтарға ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Соңғы он жылда Петропавл 2-ЖЭО-нда жаңа үш турбоагрегат және бір қазандық агрегат орнатылса, үш қазандық агрегат қайта құрылды. Бұдан бөлек, станцияның барлық 12 қазандық агрегаты екінші деңгейлі титан эмульгаторларымен жабдықталды.
Станцияда зиянды заттардың атмосфераға бөлінуімен қатар, өндіріс қалдықтарын жоюға да көп көңіл бөлінеді. 2019 жылы №2 күл үйіндісінің №3 секциясының қоршау бөгетін биіктету бойынша жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр. Оның нәтижесінде күл үйіндісінің көлемі 7,3 млн м3-қа ұлғаятын болады. Большое Белое көлінің экологиясын жақсарту үшін жыл сайын кәсіпорын көл түбін тазалау жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, жер ресурстарын қорғауға, кәсіпорын аумағын жасылдандыруға және қоршаған ортаны қорғаудың басқа да шараларын атқаруға көп күш жұмсалады.