Бүгінгі таңда энергетика саласы тек жабдықтарды жаңғыртуды ғана емес, сонымен қатар білікті кадрларды жүйелі түрде даярлауды да қажет етеді. Дәл осы себепті Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы (ОАЭК) кәсіпорындары өздері жұмыс істейтін өңірлердегі оқу орындарымен ұзақ мерзімді серіктестік орнатып келеді. Корпорацияның үш ірі компания - ПАВЛОДАРЭНЕРГО, СЕВКАЗЭНЕРГО және Ақмола Электржелілік Үйлестіру Компаниясы (АЭҮК) - қызметкерлер мен студенттерді оқыту, тағылымдамадан өткізу және дамыту бойынша кешенді бағдарламаларды іске асыруда.

Жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс дуальды оқытуды дамыту, өндіріс талаптарын ескере отырып білім беру бағдарламаларын жаңарту, талантты жастарды қолдау және қызметкерлерге жұмыстан қол үзбей жоғары білім алуға және біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру қағидаттарына негізделген.

Ескерту: дуалды білім беру – бұл теориялық білім оқу орнында, ал практикалық дағдылар кәсіпорында меңгерілетін жүйе. Яғни студент бір мезетте оқиды және жұмыс істейді.

 

СЕВКАЗЭНЕРГО және Солтүстік Қазақстан университеті

 

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның стратегиялық серіктесі – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті. 2023 жылы көпжылдық ынтымақтастық ғылыми және практикалық жобаларға бағытталған жаңа Меморандуммен бекітілді.

Осы жылдың басты нәтижесі – қолданыстағы қызметкерлер үшін дуалды оқытудың басталуы. 2025 жылдың жазында 13 энергетиктен тұратын алғашқы топ «Электроэнергетика» мамандығы бойынша білім алуды бастады және бір мезгілде компанияда жұмысын жалғастыруда. Бұл инженерлік кадрларды тікелей ұйым ішінде даярлауға мүмкіндік береді.

Университет студенттері дәстүрлі түрде компанияның өндірістік нысандарында ақы төленетін тәжірибеден өтеді. Кадрларды дамытуға берілген басымдық қаржылай да көрінеді: 2025 жылға арналған оқыту және біліктілікті арттыру бюджеті 36 млн теңгеден асты.

 

 

ПАВЛОДАРЭНЕРГО және Торайғыров университеті

 

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ Торайғыров университетімен 20 жылдан астам уақыттан бері ынтымақтасып келеді. 2030 жылға дейін жарамды әлеуметтік серіктестік туралы келісім негізгі бағыттарды біріктіреді: түлектерді жұмысқа орналастыру, дуалды оқытуды дамыту, ғылыми жобаларға қатысу, зертханалық базаны жаңарту және компания мамандарының оқу үдерісіне қатысуы. 2025 жылы міндетті оқытуды, біліктілікті арттыруды және корпоративтік тренингтерді қаржыландыру көлемі 80 млн теңгеден асты.

Дуалды жүйе жас энергетиктерді даярлауда белсенді қолданылуда. Компанияның 30-дан астам қызметкері университетте оқып, оқу мен жұмысты қатар алып жүр.

Соңғы үш жылда ПАВЛОДАРЭНЕРГО нысандарында алты мамандық бойынша 273 студент өндірістік және дипломалды тәжірибеден өтті. Оларға жылу энергетикасы, электр энергетикасы, автоматтандыру, тіршілік қауіпсіздігі және IT бағыттары кіреді. Компания бөлімше басшылары қорытынды аттестациялық комиссиялардың құрамында болып, түлектердің дайындық деңгейін бағалайды.

ПАВЛОДАРЭНЕРГО-ның инженерлік-техникалық мамандары кәсіби стандарттарды әзірлеуге және оқу жоспарларын түзетуге қатысады, бұл университетке саланың өзекті талаптарына сай болуға мүмкіндік береді. 2023–2025 жылдары Торайғыров университетінің 50-ден астам түлегі ПАВЛОДАРЭНЕРГО компаниялар тобына жұмысқа орналасты.

 

 

АЭҮК: кең ауқымды серіктестік және оқу полигондары

 

«Ақмола Электржелілік Үйлестіру Компаниясы» АҚ серіктестіктің кең географиясына басымдық береді. 2016 жылдан бастап С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Қостанай инженерлік-экономикалық университетімен әлеуметтік серіктестік туралы келісімдер жұмыс істейді.

Тек 2024 жылдың өзінде міндетті оқыту, қосымша мамандықтарды меңгеру және біліктілікті арттырудан 1 723 адам (персоналдың 67%-ы) өтті. Компания қызметкерлердің жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуын қаржыландырады, оқу демалысын ұсынады және білім бағдарламаларын сәтті аяқтағандар үшін ынталандыру шараларын қолданады.

Негізгі ерекшелік – практикалық бағыттылық. 2025 жылы АРЭК басшылығы мен ЕҰУ өкілдері студенттерді тікелей өндірістік бөлімшелердің базасында даярлау мәселелерін пысықтады. Компанияның инфрақұрылымы толыққанды оқу полигоны ретінде пайдаланылып, студенттер мен жас мамандар нақты жабдықта практикалық дағдыларды меңгере алады.

Компания кадрлық дамуды басты назарда ұстап, білім беру жобаларын жүйелі түрде қаржыландырады. 2025 жылға арналған бюджетке оқу орталықтарындағы даярлық, біліктілікті арттыру және салалық білім беруді қолдау енгізіліп, жалпы көлемі 12 млн теңгеден асты.

Осылайша, Корпорация кәсіпорындарының білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылы жекелеген бастамалардан жүйелі бағдарламаға айналды. Білім беру жобаларына салынған инвестициялар теория мен практиканың арасындағы алшақтықты қысқартуға ықпал етеді. Студенттер нақты өндірістік жабдықпен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болса, қызметкерлер академиялық білімін толықтыра алады. Техникалық кадрлар тапшылығы жағдайында мұндай тәсіл саланы кәсіби мамандармен қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.