12 наурыздағы мәлімет бойынша, энергетиктер еліміздің бірқатар облысында 10 наурызда басталған қатты дауылдың салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда. Боран мен аяз қатар келген қолайсыз ауа райы электр желілерінің зақымдануына және жарықтың уақытша өшуіне соқтырды. Мамандар тұтынушыларды электр қуатымен мүмкіндігінше тезірек қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Павлодар облысы
«Павлодар Электржелілік Тарату Компаниясы» АҚ электр монтерлері желілерде 200-ден астам ақауды анықтады. Қазіргі уақытта оның басым бөлігі жөнделді, алайда толастамаған дауылды жел салдарынан желілерде жаңа зақымданулар әлі де тіркелуде.
Көріну деңгейінің шектелуі мен техника қозғалысына қойылған қиындықтарға қарамастан, апаттық-қалпына келтіру бригадары жұмысты үзіліссіз жүргізуде. Төтенше жағдай салдарын жоюға 100-ден астам маман мен ондаған арнайы техника жұмылдырылды.
.jpg)
Солтүстік Қазақстан облысы
Ауа райының қолайсыздығы еліміздің теріскейіне де әсер етті. «Солтүстік Қазақстан Электржелілік Таратушы Компаниясы» АҚ мамандары күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Осы уақыт ішінде электр желілерінде 30-дан астам технологиялық бұзылу тіркеліп, оның көбі жедел қалпына келтірілді.
Апат салдарын жоюға 11 жөндеу бригадасы мен 19 техника қатысуда. Энергетиктер зақымдалған желілерді жөндеп, мүмкіндік бар жерлерде тұтынушыларды резервтік қуат көздеріне қосуда.

Ақмола облысы
Ақмола облысының он ауданында екпінді жел электр қуатын беруге шектеулер тудырды. «Ақмола Электржелілік Үйлестіру Компаниясы» АҚ қызметкерлері желілерде 40-қа жуық ақауды тіркеді. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі жедел түрде жөнделді.
Қалпына келтіру жұмыстарына 42 жедел бригада мен 64 арнайы техника жұмылдырылды.
Энергетиктер ауа райының салдарын кезең-кезеңімен жойып, елді мекендердегі тұрақты электр тасымалын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
