Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «ОАЭК» АҚ, Huawei корпорациясы және QazaqGreen қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды. Тараптар Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясына тиесілі жел электр станциясында энергия жинақтау жүйесін (ЭЖЖ) интеграциялау бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда ынтымақтастыққа келісті.

Станция иесі ЭЖЖ технологиясын сынау алаңын ұсынады, Huawei-мен бірлесіп жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді, іске қосу-реттеу жұмыстарын қосуды және жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ жел электр станциясының жұмыс режимдеріне ЭЖЖ әсерін мониторингтеуді және талдауды жүзеге асырады.

Өз тарапынан Huawei бір жыл мерзімге жабдықты қамтамасыз етеді және жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде – орнатудан бастап пайдалануға дейін техникалық қолдау көрсетеді.

Жобаның мақсаты – күрт континенттік климат жағдайында жинақтағыштардың жұмысын тексеру және олардың энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі тиімділігін бағалау. Алынған мәліметтер Қазақстанның электр энергетикасындағы технологияны одан әрі кеңейту туралы негізделген шешім қабылдауға көмектеседі.

«Біз үшін жел электр станциясының электр энергиясын өндіруді болжау дәлдігін арттыру маңызды, ол үшін біз мамандандырылған бағдарламалық өнімдерді қолданамыз. Энергияны сақтау жүйелерін қолдану бойынша серіктестермен бірлескен жұмыс осы бағытта айтарлықтай әсер ететініне сенімдіміз. Ел ауқымында мұндай технологиялар ЭЖЖ секторының қарқынды өсуі аясында ерекше өзекті, өйткені олар бүкіл энергия жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ете отырып, тәуліктік кестелерді сақтаудың дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Түпкілікті нәтиже ретінде біз ЭЖЖ жұмыс істеуі бойынша практикалық аналитикалық мәліметтер алатынымыз маңызды», - деп атап өтті «ОАЭК» АҚ Басқарма Төрағасы Бағдат Орал.