20 желтоқсан күні Астана қаласындағы «Тәуелсіздік сарайында» өткен «Парыз» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімінде «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша алтын жүлде лауреаты атанды. Жалпыұлттық телекөпір барысында Премьер-Министр Серік Ахметов Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының бизнестің әлеуметтік жауапкершілік бойынша алтын жүлдесін «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның акционері болып табылатын «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебановқа табыс етті.

«Парыз» сыйлығының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша конкурсын Мемлекет Басшысы 2008 жылы бекітіп, ол жыл сайын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі, «Атамекен одағы» ҰЭП және Қазақстан кәсіподақтар федерациясы тараптарымен ұйымдастырылып келеді. 2013 жылы «Парыз» сыйлығы конкурсына республиканың барлық аймақтарынан 534 мекеме қатысқан. Бұл сыйлық жеке кәсіпкерлік нысандарын әлеуметтік мәселелерді шешуге ынталандыру, саладағы үздік тәжірибелерді кеңінен насихаттау мақсатында тағайындалған.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ елдің электроэнергетика саласындағы ең ірі инвестициялық бағдарламаларының бірін жүзеге асырады. 2006 жылдан бері Петропавл 2-ЖЭО-ның 11 станциялық қазандық агрегаттарының бәрінде 2 деңгейлі титан эмульгаторлары орнатылып, бұл күл қалдықтарының мөлшерін 6 есе азайтты (2008 жылғы көрсеткіш – 20,7 мың тонна болса, 2013 жылғы көрсеткіш – 3,4 мың тонна).

Компания ескі құрылғыларды тиімділігі жоғары, қоршаған ортаға зиянды әсері шектеулі, жұмсалатын отын шығыны төмен жаңа қондырғылармен ауыстыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп келеді. Осылайша, 14 желтоқсан күні жаңа, аса қуатты, сонымен бірге энергия үнемдегіш, экологиялық талаптарға сай келетін №4 станциялық турбоагрегат іске қосылды. Нәтижесінде станцияның жұмыс қуаты 63 МВт-қа артып, 410 МВт-ты құрады. Электр энергиясын өндіруге жұмсалатын бөлшектік шығарылымдар 2,5 пайызға төмендеді. Турбоқұрылғыны қайта жаңғыртуға шығындалған қаражат көлемі – 6,1 млрд. теңге.

Компанияның 2016 жылға дейінгі жоспарында №1 және №5 станциялық турбоагрегаттарды ауыстыру, №12 қазандық агрегатты қайта құру және №8 қазандық агрегаттың монтажын аяқтау жұмыстары бар.

Сонымен қатар, өндіріс қалдықтарымен жұмыс та жолға қойылған. Өткен жылы жобалық құны 3,5 млрд. теңге болатын №2 күл үйінділерінің 3-секциясының құрылысы аяқталды.

Большое Белое көлінің биологиялық жағдайын жақсарту мақсатында кәсіпорын жыл сайын құны 15 млн-нан асатын көл түбін тазалау жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, жер ресурстарына, кәсіпорын аумағын көгертуге, қоршаған ортаны қорғаудың басқа да салаларына ерекше маңыз береді.

Анықтама:

«Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» акционерлік қоғамы – вертикалды түрде біріктірілген энергетикалық компания. Қазақстанның аймағындағы еншілес компанияларының қатарына қуатпен қамсыздандырудың барлық буыны – генерациялау, тасымалдау және өткізуді қамтитын «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ және «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жатады. «АСТАНАЭНЕРГОСБЫТ» ЖШС арқылы «ОАЭК» АҚ Астана қаласындағы өткізу құрылымын қадағалайды. «ОАЭК» АҚ-ның белгіленген жиынтық электр қуаты – 974 МВт-ты, ал жылу қуаты – 2 881 Гкал/сағатты құрайды. Электр қуатын беру желілерінің жалпы ұзындығы – 30 мың шақырым, жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 985 шақырым. Компания екі миллионнан астам адамды электр қуатымен қамтамасыз етеді. 

«ОАЭК» АҚ Қоғаммен байланыс департаменті