БАСПАСӨЗ МӘЛІМДЕМЕСІ
Алматы қ. | 18 қыркүйек 2015 ж. |
2015 жылы Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ («ОАЭК» АҚ) энергетикалық нысандарында екі жаңа турбоагрегат пайдалануға берілді. Бұл жобалар «ОАЭК» АҚ инвестициялық бағдарламасы аясында, жыл өткен сайын артып келе жатқан жылу мен электр энергиясына деген қажеттілікті қанағаттандыру мен энергоқамту жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
«ОАЭК» АҚ нысандарында қондырғыларды жаңғырту мен қайта құру бойынша атқарылып жатқан жобалардың барлығы Корпорацияның 2009-2020 жылдарға арналған, жалпы бюджеті 192 млрд теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламасына сәйкес іске асырылуда. Ірі жобалардың қатарында 2015 жылы пайдалануға берілген жаңа турбоагрегаттарды атауға болады, олардың арқасында Павлодар 3-ЖЭО белгіленген электр қуаты 525 МВт-қа артса, Петропавл 2-ЖЭО-ның қуаты 455 МВт-қа жетті. Жобалардың жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. 2015 жыл соңына дейін Павлодар 3-ЖЭО-нда электрлік қуаты 125 МВт №4 турбоагрегатты іске қосу жоспарлануда.
Жаңғырту жобалары ресейлік өндіріс орындары – «Уральский турбинный завод» ЖАҚ пен «ЭЛСИБ» ҒӨБ-мен бірге жүзеге асырылуда, бұл кәсіпорындармен «ОАЭК» компаниялар тобын ұзақмерзімді әріптестік келісімшарттар байланыстырады.
2009-2015 жылдар аралығында Корпорация нысандарында белгіленген электр қуаты 134 МВт-қа (12,4%), белгіленген жылу қуаты 161 Гкал/с-қа (5,5%), электр энергиясы өндірісі 682 млн кВт/с-қа (11,2%), ал босатылған жылу энергиясы 602 мың Гкал-ға (9,1%) артты. Аталған кезеңде «ОАЭК» АҚ-нда өндіріс қуаттылықтарының 35% жаңартылды.
Бу турбиналарын және қазандық агрегаттарды жаңғырту жобалары заманауи технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйесі (ТП АБЖ) енгізіле отырып жүзеге асырылды, ол энергетикалық қондырғының пайдалы әсер коэффициентін айтарлықтай арттырып, көмір мен мазут шығынын төмендетеді, тиісінше, экологиялық көрсеткіштерді жақсартады.
Анықтама:
«Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ («ОАЭК» АҚ) – вертикалды түрде біріктірілген энергетикалық компания. Қазақстан өңірлеріндегі еншілес компаниялары – «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ және «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ энергоқамтудың барлық желілерін біріктіреді: өндіріс, тасымал және өткізу. Астана қаласында «ОАЭК» АҚ өткізуші құрылым – «АСТАНАЭНЕРГОСБЫТ» АҚ-н, Ақмола облысында «АЭҮК» АҚ-н бақылайды. Компания электр және жылу энергиясымен екі миллионнан астам адамды қамтамасыз етеді.
«ОАЭК» АҚ Қоғаммен байланыс департаменті
Тел.: +7 (727) 258 49 48 (2042) pr@energy.kz