Мемлекет Басшысының жыл сайынғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев еліміз энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытатынын мәлімдеді. Президент ЖЭС қалдықтарын тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Президент атаған міндеттер «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ жұмысының басым бағыттары болып табылады. Компания инновацияларды енгізу арқылы дәстүрлі энергетиканы дамыту бойынша жобаларды жүзеге асырады. Корпорацияның еншілес кәсіпорындары 2 миллионнан астам адамды электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.
Электр қуатын өндіретін жабдықтар жұмысының сенімділігін арттыру және электр қуатын өндіру көлемін көбейту, энергия шығыны мен ЖЭС қалдықтарын азайту мақсатында Корпорация жалпы бюджеті 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын, 2009-2018 жылдар аралығына арналып қабылданған инвестициялық бағдарламаны іске асырады. Айта кету керек, «ОАЭК» АҚ – жаңғырту жобаларына өз қаражатын құйып жатқан еліміздегі санаулы компаниялардың бірі.
Біз кәсіпорындарымызда жабдықтарды ауқымды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудеміз. Инвестициялық бағдарлама аяқталған кезде «ОАЭК» АҚ-ның өндірістік активтерінің 62 %-ы жаңаланатын болады. Жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, жаңа технологияларды енгізудің арқасында 2013 жылы Компания электр энергиясының жылдық өндіріс көлемін 10,1 %-ға арттырды. 2015 жылға қарай электр және жылу энергиясының өндіріс көлемін 25 %-ға арттыру жоспарымыз бар. Бұдан бөлек, электр және жылу қуатын өндіруге жұмсалатын бөлшектік шығындар да азаяды.
Энергия шығынын төмендету мақсатында электр және жылу жүйелерін кең ауқымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, тұтынушылардың индукциялық есептегіштері электронды есептегіштермен алмастырылуда. Компанияның барлық тарату кәсіпорындарында энергия коммерциялық есебінің автоматтандырылған жүйесі енгізілуде, ол шығынды айтарлықтай азайтып, алдағы уақытта тарифті төмендетуге мүмкіндік береді. Инвестициялық бағдарлама аясында атқарылған шаралар электр энергиясының шығынын 2 %-ға, жылу энергиясының шығынын 6,9 %-ға қысқартады.
Корпорация қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне айрықша көңіл бөледі. Компания станцияларының барлық қазандықтарында күлтұтқыш қондырғыларды екінші деңгейлі батареялық эмульгаторларды орнату арқылы қалпына келтіру ауаға таралатын газды тазалау тиімділігін 99,5 %-ға көтеріп, күл қалдықтарын 6 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, инновациялық материалдарды қолдану арқылы жаңа күл үйінділерін салу мен қолданыстағыларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, ол зиянды заттардың топырақ қабатына сіңуін 100 % болдырмайды.
Өткен жылы «ОАЭК» АҚ-ның экологияны қорғау саласында атқарған еңбектері мемлекеттік деңгейде танылды. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ «Парыз-2013» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша алтын лауреаты атанды.
Біз қазақстандықтардың өмірін жақсартуға тырысып, ел экономикасына қомақты үлес қосып жатқанымызды мақтан етеміз.
Құрметпен,
Әмірханов Еркін Адамияұлы