Жылумен қамту – әлеуметтік маңызы зор, әрі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Оның өзектілігіне Қазақстанның жылу-энергетикалық ахуалы да серпін беріп отыр, өйткені елдің жылу трассаларының 70%-ға жуығы 30-40 жылдан астам уақыт қызмет еткен, ал кей жерлердегі бөліктері пайдаланылу мерзімінен 15 жылдай артық мерзімде қолданылып келеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жылумен қамту салаларын реформалау қажеттілігі жайлы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Нұрлы Жол – Путь в будущее» Жолдауында да атап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінде жылу көздеріндегі ПӘК-ін 85%-ға ұлғайту арқылы жылумен қамту саласының тиімділігін көтеруге арналған реформалау концепциясымен жұмыс жасауда. Сондай-ақ, 6 мың жылу көзін, 7 мың шақырым жылумен қамту желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. Расында, жаңа нысандарды салып, жабдықтарды жаңғыртуға, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге ауқымды инвестициялар қажет, онсыз жылу энергетикасы саласындағы түйіндерді тарқату мүмкін емес. Бұл ретте мемлекет қана емес, сонымен бірге жылу энергетикасы саласының өзге ойыншылары да белсенді қимылдарға баруы қажет.
«ОАЭК» акционерлік қоғамының жеке компания ретінде жылу желілерін жаңғыртуға шетелдік капиталды тарту тәжірибесі ерекше болып табылады, өйткені, корпорация ірі халықаралық институттар: ЕҚДБ-дан 4,5 млрд теңге, Таза технологиялар қорынан (Clean Technology Fund, CTF) 10 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаржыландыруды алды. Холдингтің өзі инвестициялаған жеке қаражаты 1,5 млрд теңгені құрайды.
ЕҚДБ және CTF несиелері аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар Компания қызмет ететін аймақтардағы жылумен қамтудың барлық мәселесін шешпейтінін атап өту керек. Бөлінген қаражат Павлодар, Екібастұз және Петропавлдағы жылумен қамту жүйесін осы қалыпта ұстап тұруға ғана жеткілікті. Дәл осы аймақтарда «ОАЭК» АҚ Жылумен қамтудың орталықтандырылған жүйесін жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырады. Жұмыс 3 бағытта жүргізілуде: жылумен қамтудың сенімділігі, энергияны пайдалану тиімділігі, шығындарды азайту және экологиялық стандарттарды жақсарту. Қазір «ОАЭК» АҚ тобының энергетикалық нысандарында тозығы жеткен жылу желілерін қайта құру мен жылу шығындарын азайтып, жылу құбырларының пайдаланылу мерзімін арттыру үшін пенополиуретанды қаптамамен алдын ала оқшауландырылған құбырларды қолдану арқылы жаңа жылу магистральдерін салу жұмыстары жүріп жатыр.
Бағдарламаны жүзеге асырудың аралық нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтейін. Петропавлда 2009-2014 жылдар аралығында инвестициялық бағдарлама мен ЕҚДБ несиесі аясында жылу желілерінің 9 километрі екіқұбырлы түрде жаңғыртылып, 5 километр құбырдың жылу оқшауландырғышы жаңартылды. Сондай-ақ, ЕҚДБ несиесі арқасында 25 нысанда диспетчерлік басқарудың автоматты жүйесіне (ДБАЖ) монтаж жасалды, бұл осы уақыт режимінде жылумен қамту сапасын бақылап, оқыс жағдайлар мен жылу тасымалдағыштарының нормативтен ауытқуы кезінде шұғыл шешімер қабылдауға мүмкіндік береді.
Павлодар мен Екібастұзда 2009-2014 жылдар аралығында амортизациялық аударымдар есебінен кварталды және магистральді жылу желілерінің 3 километрден астам бөлігіне құбыр диаметрін арттыру және пенополиуретанды оқшауланған құбырларды пайдалану арқылы жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Павлодарда кәсіпорынның өзіндік қаражаты магистральді жылу желілерінің 7,8 километрін екіқұбырлы орындаудағы жаңғырту жұмыстарына бағытталды. Бұдан бөлек, ЕҚДБ несиесінің арқасында Павлодарда қосымша 3 насосты агрегатты орнату арқылы №2 желілік насосты станциясына жөндеу жұмыстары жүргізілді; Павлодар мен Екібастұзда магистральді жылу желілерінің 7,7 километрі қайта құрылды; Павлодар мен Екібастұзда 5,2 километрден астам минералды мақтамен қапталған құбыр пенополиуретанды қаптамадағы құбырларға ауыстырылды. Соңғы екі жыл ішінде «ААЕК» – автоматты ақпараттық-есептегіш кешені енгізілді: Павлодарда жылу желілері абоненттерінің 43 жылу пунктінде мәліметтерді жинау және беру жабдықтары, №4 бақылау-тарату пункті және №2 мен №36 орталық дылу пункттері орнатылды.
Сондай-ақ, ЖКЕАЖ – жылу энергиясын есептеу құралдарынан мәліме беру желілері арқылы ақпараттарды серверге беру жобасына назарларыңызды аударғым келеді. 2009-2014 жылдар арылығыда Петропавл қаласында ЖКЕАЖ 565 мәлімет беру желісі сатып алынып, орнатылды. Бұл құралдар жылу энергиясын пайдаланудың нақты мәліметін алуға, жылу энергиясын ұрлаудың алдын алуға және ақпаратқа артық қолжетімділіктің болмауына септеседі. Бұдан бөлек, «ОАЭК» АҚ құрамына кіретін кәсіпорындар жылу энергиясы шығынының көздерін табу үшін магистральді жылу құбырларының диагностикалау және бақылауға арналған жылувизиялық құралдар мен ультрадыбысты дефектоскоптарды қолданады.
Жылумен қамту жүйесіндегі тағы бір өзекті мәселені атап өткім келеді. Мекемелер халықты жылумен қамту үшін жұмыс жасап жатыр, алайда ол жылу энергиясы тиімді пайдаланылып жатыр ма? Қазақстанда «Коммуналдық жылумен қамту жүйесінің энерготиімділігін арттыру үшін кедергілерді жою» жобасы бойынша жұмыс жасаған БҰҰДБ сарапшыларының мәліметінше, тұынушылардың өздері энергияны 25-30 пайызға үнемдей алады. Осы үшін де республика бойынша халық арасында энергия үнемдеу бойынша үлкен жұмыс жүргізу қажет. Қазақстан жылумен қамту жүйесі реформаны қажет етеді және ол реформа әрбір тұтынушыдан басталуы тиіс.