Энергетиктер мен жылумен қамтамасыз ету саласының қызметкерлері үшін жылу беру маусымы – емтихан іспеттес. 2014-2015 жылғы маусымда Қазақстанның солтүстік өңірлерінің мамандары бұл емтиханды сәтті тапсырып шықты. Ол – жыл бойы жасалған ауқымды жұмыстардың нақты нәтижесі.
Біз инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастырып келеміз: өткен жылы ОАЭК саладағы капиталдық салымдар көлемі бойынша 3-орын алды. 2014 жыл қорытындысы бойынша, Компания 2009-2018 жылдарға арналып қабылданған инвестициялық бағдарламаның үштен екісіне жуығын орындады: жоспарланған 192 миллиард теңгенің 108,29 миллиард теңге бөлігі жаңғырту жобаларына жұмсалды. Бұл ретте Компания мемлекеттік шекті тарифтер бағдарламасы аясындағы инвестициялармен қатар, несиелік қаражаттар мен өзінің капиталын да пайдаланып жатқанын атап өту керек. Қаржыландыру көздерін бір арнаға тоғыстырудың арқасында, Компанияның нысандарында жаңғырту жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр.
2014 жылы инвестициялық бағдарлама аясында 28,24 млрд теңге игерілді. Жоспарға сәйкес, өткен жылдың желтоқсанында «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қайта құру жұмыстарынан кейін Павлодар 3-ЖЭО-нда қуаттылығы 125 МВт ст. №5 турбоагрегатты пайдалануға берді, ол станцияның белгіленген электр қуатын 505-тен 520 МВт-қа арттыруға жол ашты. 2014 жылдың күзінде Петропавл 2-ЖЭО-нда ст. №8 қазандық агрегат пайдалануға берілді. Қазандық агрегатты жаңғырту нәтижесінде номиналды өнімділік 220-дан 270 т/с-қа артты. Атқарылған жаңғырту жұмыстары қазандық агрегат пен станцияның сенімділігі мен үнемділігін жоғарылатуға мүмкіндік берді.
Компания 2014 жылы электр энергиясы өндірісін 2009 жылмен салыстырғанда 12,6%-ға, жылу энергиясын 10,1%-ға арттырды, оның тасасында электр энергиясын берудегі шығындар 4,1%-ға, ал жылу энергиясын беруде 0,4%-ға кеміді. 2014 жылы ОАЭК кірісі мен жиынтық белгіленген қуаты бойынша 2-орынды иеленді.
Біздің қызметіміздегі негізгі аспекттердің бірі – өндіріс өсімі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері арасында балансты сақтау болып табылады: 2014 жылы Компания кәсіпорындары шекті рұқсат етілген нормативтерден асырған жоқ. Есепті жылдағы жұмыстың оң нәтижесі ретінде энергетикалық қазандық агрегаттардың күл аулау ПӘК-ін 99,5% деңгейінде сақтап тұра алуын атауға болады. 2014 жылы Компания Павлодар 3-ЖЭО және 2-ЖЭО күл үйінділерінің 2-кезегін салу жұмыстарын жалғастырды. 2014 жылы басталған Тұз көлі табанындағы Екібастұз ЖЭО күл үйіндісінің 2-кезегін жобалау жұмыстары аяқталды.
Өткен жылы да, қазір де біз электр энергиясын коммерциялық есептеу жүйесін автоматтандыру, сондай-ақ, диспетчерлік басқару жобаларына зор көңіл бөлеміз. Соңғы екі жылда Компания ААЕК – автоматтандырылған ақпараттық-есептеуіш кешенді қолданысқа енгізіп келеді, ол шалғайдағы жылу желілері абоненттерінен мәліметтерді жинау мен беруді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, біз 2015 жыл табалдырығын оң көрсеткіштермен аттадық және ішкі тиімділікті арттыру мен Қазақстан нарығында өңірлік қатысуды кеңейту мен бизнесті әртараптандыру бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз.