«Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ қызметкері, журналист Нұрболат Аманжол 2015 жылдың қараша айында қаржылық сауаттылық бойынша «Бай балақай» балалар кітабын жарыққа шығарды.
Өткен жылдың шілде айында Нұрболат Аманжол «Қаржы мәдениеті» білім беру бағдарламасы аясында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жобалар арасында өткізілген гранттар конкурсының жеңімпазы атанды. Нұрболаттың идеясы – балаларға қаржы әлемі жайлы жеңіл де түсінікті тілмен баяндалған, оларға қазіргі нарықта қолданысқа ие қаржы құралдарын үйрететін кітап жазып шығуға негізделген болатын. Өзін-өзі оқыту құралының қазақ тілінде жарық көруі – оның маңызын арттыра түседі, өйткені мемлекеттік тілде қаржы сауаттылығы бойынша материалдар, өкінішке орай, жоқтың қасы. 4000 дана таралыммен жарық көрген кітап мектеп кітапханаларына тегін таратылады, ол көптеген балалардың қаржы әлемінің әліппесімен танысуына мүмкіндік туғызады.