20 желтоқсан күні «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ ұжымы жылдың ең жылы да жарық мерекесі – Энергетиктер күнін атап өтті. «Достық» салтанат залында өткен мерекелік шараға компанияның еншілес кәсіпорындары мен өзге де ұйымдарының өкілдері жиналды. 300-ден аса павлодарлық энергетиктер құттықтаулар мен марапаттарды қабылдап, концерттік қойылымдарды тамашалады.

Шара барысында «ОАЭК» АҚ президенті, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Әмірханов әріптестеріне арналған жылы лебізін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі. Барша қызметкерлерге жаңа сәттіліктер мен тұрақты табыс, отбасылық бақыт, денсаулық тілеген ол энергетиктердің бұл жылдың барлық қиындықтарын қайыспай көтергенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, «ОАЭК» АҚ өндіріс жөніндегі вице-президенті, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Олег Перфилов та шын жүректен құттықтау сөзін арнап, компанияның он қызметкеріне «Қазақстан Электроэнергетиктер қауымдастығының Құрметті энергетигі» төсбелгісін табыс етті. Тағы төрт қызметкер – Геннадий Бортник («ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ), Юрий Прокопьев («ПЭТК» АҚ), Анатолий Анищук («ПТС» ЖШС) және Талғат Арғынов («ПЭС» ЖШС) «ТМД-ға еңбегі сіңген энергетик» атағымен марапатталды.

Бұл күні энергетика саласының өзге ле лайықты қызметкерлері марапаттан құралақан қалған жоқ. ТМД Электроэнергетикалық Кеңесінің Құрмет грамотасына Алексей Поляков («ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ), Алексей Сакрюкин («ПЭТК» АҚ), Владимир Курочкин («ПТС» ЖШС) және Светлана Осняч («ПЭС» ЖШС) лайық деп танылды. Тағы 6 павлодарлық энергетик Қазақстан Электроэнергетикалық қауымдастығына еңбегі сіңген энергетик атанса, 12-сі ҚЭҚ Құрмет грамотасын иеленді. Ал 7 адам «Қазақстан Электроэнергетиктер қауымдастығының ардагері» атағына ие болды.

«Сала үздігі – 2013» байқауының жеңімпаздары да грамоталар мен бағалы сыйлықтармен қанжығаларын майлады. «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қызметкерлері Ирина Дианова мен Игорь Крылов Павлодар облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мерекенің ресми бөлігінен соң энергетиктер Қазақстан эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі