2015 жылғы 9 шілдеде «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нде жаңғырту мен қайта құрудан өтіп жатқан нысандар бойынша баспасөз туры өткізіліп, оның барысында энергетиктер мемлекеттік органдар, қоғам мен БАҚ өкілдеріне негізгі қондырғыларды жөндеу бойынша атқарып жатқан жұмыстарын таныстырып, кәсіпорынның жоспарлары жайында да әңгімелеп берді.
Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында 2015 жылы барлығы 10,756 км, оның ішінде 3,660 км магистральдық және 7,096 км тарату желілерін ауыстыру жоспарланған. 2015 жылғы 7 шілдеге есептегенде, жылу құбырларының 4,081 км бөлігі ауыстырылса, олардың 1,063 км бөлігі – магистральдық желілер де, 3,018 км бөлігі – тарату желілері. Жылдық жоспардың орындалуы – 37,9%.
«Кәсіпорынның жылу желілерін жаңғырту, қайта құру, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары қондырғылардың тозуын төмендетіп, жылу энергиясының шығынын азайту мақсатында жасалады. Жылу желілерінің тозу деңгейін (233,347 км жалпы желі ұзындығының 72,86%-ы) төмендетуге мемлекет қаржысы тартылған. Мәселен, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша жылу желілері кәсіпорны үш жыл ішінде 11,01 км жылу желісін салып, 17,8 км жылу қаптамасын ППУ-оқшаулағышын қолдану арқылы қалпына келтіруді жоспарлап отыр. 2015 жылы аталған бағдарлама аясында ТМ № 1 1,025 км жылу магистралін салу қарастырылған. Жаңғырту жұмыстарына компания инвесторлар қаржысын да тартуда: ЕҚДБ несиесі аясында 7,252 км жылу желілерін ауыстыру бойынша 9 жобаны әзірлеу жоспарланған. Жалпы, Петропавл қаласында жылу трассаларының 26 км бөлігі ауыстыруды қажет етеді. Біз соңғы үш жылда өзгеріске ұшырамаған қолданыстағы тарифке сәйкес, жылына тек 10 км құбыр желісін ауыстырамыз. Қазіргі таңда кәсіпорын 2016 жылдан бастап тарифті өсіруге тапсырыс беруге дайындалуда», – деп атап өтті «Петропавл жылу желілері» ЖШС Бас директоры Игорь Рыбас.