2015 жылғы 30 қыркүйекте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-мен бірлесе отырып, «Солтүстік Қазақстан электр желілік тарату компаниясы» АҚ қайта құру және жаңғырту нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды. Сондай-ақ, энергетиктер «Севказэнергосбыт» ЖШС жаңартылған қызмет көрсету орталығында тұтынушылармен жұмыстың ерекшеліктері жайлы әңгімеледі.
Бірінші кезекте шара қатысушылары «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ инвестициялық бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты. Мемлекеттік орган және қоғам мен БАҚ өкілдеріне жаңғырту жұмыстары жақында ғана аяқталған нысандар көрсетілді, олардың қатарында Рабочий қыстағындағы ӘЖ 0,4 кВ электр беру әуе желісі мен Интернациональный көшесі бойында орналасқан ТШС 10/0,4 кВ №130 трансформаторлы шағын станциясы бар.
«Электр беру желісін монтаждау барысында біз өздігінен берілетін оқшауланған ӨОС 4 сымын пайдаландық. Жаңа желінің ұзындығы – 6,6 км, оған 91 абонент қосылған. Қайта құру жұмыстары тариф есебінен жүргізіліп, 18 млн теңге игерілді. ӨОС жетекші технологиясы тұтынушыларды сенімділігі өте жоғары электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екінші нысанда трансформаторлы шағын станцияның ғимараты қайта құрылып, қондырғылары ауыстырылды, ал жаңа ТМ-400 кВА трансформаторын орнату шағын станцияның қуаттылығын арттырып, оған жаңа тұтынушылардың қосылуына мүмкіндік береді. ТШС қайта құру шығындары 7 млн теңгені құрады. Жаңғырту жұмыстарының жағымды әсері – ол оған қослыған тұтынушылардың электрмен қамтылу сапасын арттырып, оны пайдалану мен қызмет көрсетудің сенімділігін күшейтеді», – деп атап өтті «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ бас директорының м.а. Виталий Фесько.