2016 жылы «ОАЭК» АҚ өзіне қатысты аймақтарда энергетикалық нысандарды жаңғырту жобаларын жүзеге асыруды жалғастырады. Сонымен бірге, Корпорация білім беру бағытындағы жобаларды қолдап, дамытуға көңіл бөледі, бұл жобалардың мақсатты тобына еңбекші жастар мен салалық оқу орындарының студенттері жатады.
Қазақстанда қазіргі таңда жұмысшы мамандықтар бойынша кадр жетіспеушілігі анық байқалады. Кей деректерге сүйенсек, біздің елімізде бір жұмысшыға 6 жоғары білімді маманнан келеді екен. Ал экономикасы дамыған кей елдерде жағдай керісінше: бір маманға бастапқы кәсіби білімі бар 5 адамнан келеді. Еңбекпен қамтуға қатысты статистикамен айналысушы органдардың бағалауынша, Қазақстанда жыл сайын 20 мың бос жұмыс орны қалыптасады, оларға кәсіби техникалық білімі бар кадрлер қажет.
Мемлекет бұл айырмашылықты жойып, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мақсатында бірқатар шараларды қолға алған. 2017 жылдан бастап Қазақстан үкіметі «Тегін кәсіби техникалық білім – баршаға» жобасын жүзеге асыра бастайтынын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында мәлімдеген болатын. Жобаның сәтті жүзеге асуы оқу орындарының өздері мен жергілікті биліктің белсенділігіне байланысты болмақ. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін жаңғыртуда потенциалды жұмыс берушілер – отандық компаниялардың саясаты маңызды роль ойнайды деп есептеймін.
Жоғары әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, «ОАЭК» АҚ бұл бағыт аясында 2016 жылдан бастап өзіндік «PROFENERGY» бағдарламасын енгізуде, ол жұмысшы жастармен жұмысты күшейтуге бағытталған. Біздің жоба Корпорацияның аймақтардағы кәсіпорындарында студенттерге ақы төленетін жұмыс тәжірибесін ұсынуға, жазғы демалыс кезінде еңбекпен қамтуға, сондай-ақ, ғылыми жұмыс конкурстарының жеңімпаз студенттеріне «ОАЭК» АҚ еншілес компаниялары атынан арнайы корпоративтік стипендиялар тағайындауға негізделген.
Аймақтардағы кәсіпорындар жоғары білімді жұмысшы мамандарға аса мұқтаж. Біз қызметке қабылдауда энергетика саласының жауапты бөлімдеріне келетін талантты жас жұмысшыларға басымдық беруге дайынбыз. Мен атап өткендей, Корпорация станцияларды жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны жалғастыратын болады. Тек 2015 жылы екі жаңа турбина және бір қайта құрылған турбоагрегат пайдалануға берілді, 2016 жылы біз бір жаңа және бір қайта құрылған турбинаны, екі қазандық агрегатты іске қосуды, сондай-ақ, жылу магистральдерін қайта құру бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Энергетикалық нысандарда мұндай жоғары технологиялық қондырғыларды ендіру оған қызмет көрсететін үздік мамандарды тартуды қажет етеді. Бұдан бөлек, жас кадрлерді оқытып, еңбекпен қамту қажеттілігін зейнет және зейнеталды жастағы қызметкерлердің көбеюі де танытып тұр. Біз энергетиктердің ізін жалғастыратын жаңа ұрпақты дайындауды бүгіннен бастауымыз қажет.
«ОАЭК» АҚ кәсіпорындарының техникалық және кәсіби оқу орындарымен жұмысы өзара тиімді әріптестікке негізделуі тиіс. «PROFENERGY» бағдарламасы қазақстандық энергетикада кәсіби кадрлерді дамытуға өз үлесін қосатын болады.